4 желтоқсан күні «Білім-Инновация» ХҚҚ алаңында «Jelken Foundation» қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырылған іс-шара өтті. Кездесудің негізгі мақсаты – «Алматы облысының мектептерінде «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасы аясында дайындалған әдістемелік құралын таныстыру.
Шараға «Қазақстан халқына» ҚҚ, «Білім-Инновация» ХҚҚ, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Алматы және Қарағанды облыстарының білім басқармаларының өкілдері, білім беру мекемелерінің директорлары мен мұғалімдері қатысты.
Шара басында «Білім-Инновация» ХҚҚ бірінші вице-президенті Ержан Әубәкіров Алматы облысының жалпы білім беретін мектептерінде «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу үшін әзірленген әдістемелік құралды таныстырды. «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев бұл бастаманың және оның еліміздің басқа өңірлерінде де енгізудің маңызын алға тартты.
Сонымен қатар жиында Алматы және Қарағанды облыстарының мектеп директорлары тәжірибесін бөлісіп, бағдарламаға қатысу нәтижелері туралы тарқатты.
Шара білім беру жүйесін дамытуда қоғамдық қорлар мен мемлекеттік құрылымдардың ынтымақтастығы айрықша екенін айқындайды.